Жаңалықтар

ҰБТ-дағы өзгеріс: Грантқа түсу үшін енді бір мүмкіндік ғана беріледі

Тамыздағы ҰБТ-ға өтінім қабылдау басталатын күн белгілі болды
ҰБТ-да өзгеріс / фото: shutterstock

Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсу және талапкерлерді іріктеу жүйесінде үлкен өзгерістер күтіп тұр. ҰБТ форматы жаңғыртылып, білім сапасын бағалаудың жаңа деңгейіне көшу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Аида Балаева мәлімдеді.

ҰБТ-ны бір рет тапсыру форматы

Ең басты жаңалықтардың бірі – ҰБТ-ны грант конкурсы үшін бір рет қана тапсыру жүйесіне көшіру ұсынылды. Бұл шешім грант бөлу кезінде әділдік пен объективтілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Дегенмен, талапкерлердің өз білімін тексеріп, дайындалуы үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады.

«Бұл – тестілеуден бас тарту емес, бұл – дарынды талапкерлерді анықтап, әділ іріктеуге бағытталған қадам», – деді Аида Балаева.

Болашақ мұғалімдерді іріктеу талаптары айтарлықтай күшейтілмек. Енді педагогикалық мамандықтарға түсу үшін тек тест нәтижесі жеткіліксіз.

Тестілеумен қатар арнайы емтихандар енгізіледі. Талапкердің сөйлеу мәдениеті, коммуникациялық дағдылары мен кәсіби бейімділігі тексеріледі. Сондай-ақ, студенттің пәндік білімінен бөлек, талдау жасау қабілетіне басымдық беріледі.

Foundation бағдарламасынан бас тарту

Жаңа реформа аясында жоғары оқу орындарына Foundation бағдарламалары арқылы «шартты қабылдау» тәжірибесі тоқтатылуы мүмкін. Себебі, бұл жүйемен оқуға түскен студенттердің көбі кейіннен қажетті шекті баллды жинай алмай, оқу үлгерімі төмен болатыны анықталған.

Аида Балаеваның айтуынша, мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы – адами капиталға инвестиция салу. Қазіргі еңбек нарығы нақты дағдылары (soft skills) қалыптасқан мамандарды қажет етеді. Сондықтан іріктеу жүйесін цифрлық шешімдермен толықтырып, әлемдік стандарттарға сай бейімдеу – уақыт талабы.