Жаңалықтар

Yandex Qazaqstan басшысы сенаторды популист деп атады

Тимур Шалекенов
Тимур Шалекенов, фото: Делия Айдаралиева

Қазақстандағы такси жүргізушілері үшін ең төменгі сағаттық еңбекақы белгілеу керек пе? Бүгін Алматыда өтіп жатқан Kursiv Ecosystem форумында Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов осы сұраққа жауап берді.

Оның сөзінше, такси жүргізушісінің немесе курьердің жұмысы минималды еңбекақы бекітетіндей қызмет емес.

«Бұл жерде біздің платформамыздағы жұмыстың мәніне үңілу керек. Ол кеңседегі жұмыс емес. Сіз жұмыс көлеміне байланысты ғана табыс табасыз. Бұл жердегі еңбектің сипаты басқа. Оның өлшемі – сыйақы беру. Бизнестен бөліп жарып, сұранысқа қарамастан ең төменгі, минималды еңбекақы белгілеу – дефолтқа әкеледі», – дейді ол.

Шалекенов осындай ұсыныс айтқан сенаторды популистке теңеп, мұндай идеялар нарықты өлтіреді деп бағалады.

«Мәселен, такси жүргізушісі бүгін кешкі алтыда шықса, көбірек табыс табатынын біледі. Бұл жерде бізде міне жұма күні адамдарға сыйақы береміз де, сенбі күні оны тартып аламыз деген ой жоқ. Бұл қызметке (такси – ред.) сұраныс әртүрлі екенін түсінеміз. Популистер «жоқ, әр сағат сайын олар кемінде 2-3-5 мың теңге тапсын» деп айтуы мүмкін. Бірақ бұл нарықты өлтіретін, барлық шығынды тұтынушының мойнына іліп қоятын әңгіме. Өкінішке орай, осындай идеялар маркетплейстердің жұмыс логикасын сындырып жіберуі мүмкін», – деп түсіндірді Шалекенов.

Такси жүргізушісі мен курьерге сағаттық еңбекақы белгілеу туралы ұсынысты осы аптада сенатор Бибігүл Жексембай айтқан еді.

«Елімізде 400 мың адам такси агрегаторы мен тапсырыс жеткізу арқылы жұмыс істейді, бірақ олар базалық еңбекақы кепілдігі жүйесіне»,- кірмейді деген ол олар үшін ең төменгі, бір сағатты еңбекақы белгілеуді ұсынған еді.

Еске салайық, қазір Алматыда экожүйелерді дамытуға арналған форум өтіп жатыр.

Іс-шараның бас серіктесі – Kaspi компаниясы, стратегиялық серіктесі – Yandex, ал Ozon шараға ресми қолдау көрсетеді.