
Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турловтың пайымдауынша, қазіргі нарықта табыс табудың ең тиімді жолы – жинақталған пайданы акционерлерге дивиденд ретінде тарату емес, оны клиенттердің сенімі мен назарын жаулауға жұмсау. Бұл туралы ол Kursiv Ecosystems Forum барысында айтты.
Клиент сенімі үшін күрес
Турловтың айтуынша, Қазақстанның банк секторындағы бәсекелестік жаңа деңгейге шықты. Бүгінде тұтынушының сеніміне ие компания ертеңгі күні нарықта үстемдікке ие болады. Осыны ескере отырып, Freedom командасы табысының қомақты бөлігін жаңа ниеттес бағдарламаларға бағыттау туралы шешім қабылдаған.
«Біз бұл пайданың мәңгілік емес екенін түсінеміз, сондықтан оның бір бөлігін ниеттестікке конвертациялауды ұйғардық. Тұтынушының назарын аудара білген тарап қана болашақта үлкен нәтижеге қол жеткізеді», — деді Тимур Турлов.
Жеңілдіктен кешбэкке көшу
Freedom-ның даму моделі – қарапайым жеңілдіктерден бас тартып, серіктестік кешбэктерді дамыту. Бұл экожүйе ішіндегі белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
«Біз өскіміз келеді. Клиенттеріміз әрқашан кешбэк алса дейміз. Біз жеңілдік орнына серіктестік кешбэктер беру моделіне саналы түрде көшіп жатырмыз. Қазіргі уақытта экожүйедегі белсенділікті арттырып және бүкіл жүйедегі бірегей драйверге айналғымыз келеді», – деді ол.
Бұл ретте компания тек өз өнімдерін ғана емес, серіктес бизнестердің де дамуына жағдай жасамақ. Freedom платформасы арқылы шағын және орта бизнес өздерінің ниеттестік бағдарламаларын құрып, клиенттерін ұстап тұра алатын болады.
Амбициялық мақсат: 12 миллион клиент
Банк басшысы Freedom-ның алдағы бірнеше жылға арналған нақты жоспарын айтып қтті Стратегиялық мақсат – алдағы екі-үш жыл ішінде Қазақстандағы клиенттер санын 10-12 миллионға жеткізу.
Бұл межеге жету үшін холдинг пайданы акционерлерге төлеуден гөрі, оны болашақ өсімге инвестициялауды жөн көріп отыр.
Турловтың сенімі бойынша, экожүйенің барлық бағытындағы маржа біртұтас жүйеге біріккенде ғана бизнестің нақты қуаты ашылады. Ал мұндай ауқымды өсімнің басты драйвері – клиенттерге көрсетілетін жомарттық пен сапалы қызмет болмақ.
«Бәкекелестеріміз біздің кешбэк таратудағы жомарттығымызды сынға алып, мұны қате қадам деп санайды. Иә, солай-ақ болсын. Акционерлердің қалтасына жылына 2 миллион долларды басып бергенді «жөн» көретіндер, сол ақшаны қарапайым халыққа қайтара бастағаныңды көргенде ренжиді. Әсіресе, табыстан қағылған акционерлердің өкпесі қара қазандай болады», – деді ол.
Тимур Турлов Қазақстандағы цифрландыру үдерісіне қатысты өз пайымын білдіріп, цифрландыру саласында монополия жоқ екенін айтқан.
Алматыда «Курсив» басылымы ұйымдастырған цифрлық экожүйелердің дамуына арналған екінші ауқымды форум өтіп жатыр.
Іс-шараның бас серіктесі – Kaspi компаниясы, стратегиялық серіктесі – Yandex, ал Ozon шараға ресми қолдау көрсетеді.