Жаңалықтар

Алматы облысындағы жеке үйде газ жарылып бірнеше адам зардап шекті

Фото: shutterstock

Алматы облысының Екпінді ауылындағы тұрғын үйдегі күшті жарылыс салдарынан төрт адам жарақат алған.

Оқыс оқиға 17 сәуір күні таңғы сағат бес жарым шамасында, үй иелері ұйқыдан ояна бастаған уақытта болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ұлы жарықты қосқан сәтте үй бірден жарылып, төбесі ортасына түскен.

Үй иесі үйінді астында қалған жары мен балаларын көршілерінің көмегімен сыртқа шығарып үлгерген. Қазіргі уақытта зардап шеккендердің жағдайы мәз емес: екі адам денесінің 60 пайыз күйігімен жансақтау бөлімінде жатыр.

Отбасы апаттың себебін үй ішіндегі газ құбырынан емес, көшедегі жер асты желілерінің тозуынан көреді.

Әлеуметтік желіде тараған таспалардан жер астынан газдың сыртқа теуіп жатқанын аңғаруға болады. Дегенмен, жергілікті газ қызметінің мамандары бұл уәжбен келіспей, өз кінәларын теріске шығарып отыр.

Бұған дейін Шахтинскіде газ баллоны жарылып, 8 адам зардап шеккен.