
Елена Рыбакина Штутгартта өтіп жатқан ірі турнирдің жартылай финалында ресейлік Мирра Андрееваны екі сетте жеңді. Қазақстандық теннисші финалда чех спортшысы Каролина Муховамен кездеседі.
Жартылай финалда Рыбакина мен Андреева арасындағы матч 7:5, 6:1 есебімен аяқталды. Ресейлік теннисші бірінші сетте ғана айтарлықтай қарсылық көрсете алды. Рыбакина ойын барысында 7 мәрте эйс орындап, төрт рет брейк жасады.
Оның финалдағы қарсыласы украиналық теннисші Элина Свитолина мен Каролина Мухова арасындағы матчқа анықталды. Тартысты өткен ойында чех спортшысы үш сетте басым түсті: 6:4, 2:6, 6:4.
Осылайша, Штутгарт турнирінің финалында Рыбакина мен Мухова кездеседі. Жеңімпазға люкс санатындағы Porsche автокөлігінің кілті тапсырылады.
12 турнирдің жеңімпазы атанып үлгерген Рыбакина 25-рет ақтық сында ойнайды. Финал 19 сәуір, жексенбі күні өтеді.
Мухова мен Рыбакина бұған дейін үш мәрте кездескен. Солардың екеуінде чех теннисшісі жеңіске жеткен.
Елена Рыбакина турнирдің ширек финалында канадалық Лейла Фернандесті үш сетте жеңген.