
Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Айбынды ақын, көрнекті драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері және Халық жазушысы Мұхтар Шаханов қайтыс болды. Қайғылы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы, Төле би ауданындағы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмырын қазақ сөзінің қадірін асыруға және ұлттық мүддені қорғауға арнады. Оның еңбегі Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып, Қырғыз Республикасының халық ақыны (1994) атағын иеленді.
Желтоқсан шындығының жаршысы
М. Шахановтың есімі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ақиқатын ашумен тікелей байланысты.
1988 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Пленумында, кейін 1989 жылы Мәскеудегі КСРО халық депутаттарының І-ші съезінде Кремльдің қатал жүйесіне қарсы тұрып, қазақ жастарына тағылған «ұлтшыл» деген жалған айыпты алып тастауды талап етті.
А. Сахаров пен Б. Ельцин сияқты тұлғалардың қолдауына сүйеніп, М. Горбачевты Желтоқсан оқиғасын қайта зерттеуге мәжбүрледі. Бұл комиссия Одақ көлемінде бірінші болып КОКП Орталық комитетіне саяси айып тақты.
Наурыз бен Ана тілінің жанашыры
Ақынның халық алдындағы еңбегі өлшеусіз:
1926 жылы тыйым салынған ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының 62 жылдан соң, 1988 жылы қайта оралуына мұрындық болды.
1989 жылы «Тілдер туралы» заң қабылданарда, қазақ тілінің жеке-дара мемлекеттік мәртебе алуы үшін табандылық танытты. Депутаттар екі тілге де мемлекеттік статус беріп қойған жерінен, Шаханов мінберге қайта шығып, қазақ тілінің болашағы үшін күресіп, заңды қайта дауысқа салғызды.
Еске сала кетейік, 8 сәуір күні «Мұхтар Шаханов» қорының төрағасы Нұржігіт Ысқақ ақынның халә нашарлап, жансақтау бөліміне түскенін хабарлаған еді.