
Ақсу ферроқорытпа зауытында жазатайым оқиға болды. Металл ұсақтау жұмыстары кезінде ұсақтаушы қаза тапты.
Кәсіпорынның баспасөз қызметі хабарлағандай, ер адам аса ауыр жарақат алған.
«Оқиға туралы ақпарат мемлекеттік органдарға берілді, болған жағдайдың мән-жайын тергеу басталды», – делінген ресми хабарламада.
«Қазхром» ТҰК» АҚ қаза тапқан адамның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Компания туыстарына қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.
Айта кетейік наурыз айында Ақсу ферроқорытпа зауытында екпінді желдің салдарынан мұржаның бір фрагменті құлап түсті.