Жаңалықтар

Армения ҰҚШҰ белсенді жұмысына қайта оралмайды – Пашинян

Армения ҰҚШҰ белсенді жұмысына қайта оралмайды – Пашинян / коллаж kursiv.media

Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) белсенді қатысуға қайта оралу үшін ешқандай қадам жасамайды. Бұл туралы елдің премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді, деп хабарлайды NewsArmenia.

«Армения Республикасының ҰҚШҰ-ға мүшелігі, өздеріңіз білетіндей, тоқтатылған (мұздатылған) және белсенді қатысуға қайта оралу бойынша қадамдар жасалмайды. Бұл біздің «Азаматтық келісім» партиясының сайлауалды бағдарламасында бекітілген», – деді Никол Пашинян партияның сайлауалды бағдарламасының ережелерін таныстыру кезінде.

Армениядағы парламенттік сайлау осы жылдың 7 маусымына жоспарланған.

2024 жылдың ақпанында Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтататынын жариялап, мүшелік жарналарды төлеуден бас тартты. Никол Пашинян ұйым Армения алдындағы қорғаныс міндеттемелерін орындамағанын, оның ішінде 2021-2022 жылдары Әзербайжанмен болған қарулы қақтығыс кезінде көмектеспегенін, осылайша елдің қауіпсіздігі мен егемендігіне қатер төндіргенін мәлімдеді.

Армения СІМ егер серіктестер Әзербайжанның Армения аумағындағы әрекеттеріне қатысты саяси мәлімдемелер жасамайтын болса, ҰҚШҰ-ға мүшелік туралы түпкілікті шешім қабылданатынын алға тартқан болатын.

ҰҚШҰ тарапы Ереванды қабылданып жатқан шешімдер туралы хабардар етуді жалғастырып жатқандарын мәлімдеді. Ресей президенті Владимир Путин Армения ұйымның мүшесі ретінде қала отырып, оның шешімдерін қолдайтынын, бірақ отырыстарға қатыспайтынын хабарлаған еді.