
Педагогтер енді міндетті пәндік білімді бағалауға арналған тестілеуден босатылды. Осының нәтижесінде мұғалімдердің жұмысы жеңілдеп, оларға кәсіби еркіндік беріледі. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Қуанышқызы Орталық коммуникациялар қызметінде айтты.
Тесті кімдер тапсырады?
Вице-министрдің айтуынша, педагогикалық қызметке жаңадан келген түлектер, қызметін қайта бастаған педагогтер, сонымен қатар білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарлары тестілеуден өтеді.
«Педагогтің қызметі тест нәтижесімен емес, оның күнделікті жұмысы, білім беру сапасына қосқан нақты үлесі арқылы бағаланады», – деді вице-министр.
Аттестаттау талабына қандай өзгерістер енгізілді?
Педагогтерді аттестаттау талабынан эссе жазу, ғылыми мақалаларды жариялау, авторлық бағдарлама мен оқу әдістемелік материалдарын жазу алынды. Бұл шешім педагог қызметін қосымша құжаттардың санына емес, оның нақты жұмыс нәтижесіне қарай бағалауға арналады.
«Тәжірибе көрсеткендей аталған материалдар оқу процесінде тұрақты қолданылмайды және білім сапасына нақты әсер етпейді. Оған қоса мұғалімдердің уақыты мен күші қосымша материалдар әзірлеуге жұмсалғандықтан, бұл оқу процесінің тиіміділігін төмендетеді», – деді Шынар Қуанышқызы.
Енді аттестаттау жүйесі толық цифрланады
Аттестаттау жүйесін жаңартудың маңызды тетіктерінің бірі – процесті толық цифрландыру. Барлық біліктілік санаты бойынша аттестаттау «Ұстаз» платформасы арқылы жүзеге асырылады. Платформада педагогке қатысты мәліметтер автоматты түрде қалыптасады. Мәселен, педагогтің еңбек өтілі, кәсіби жетістігі, біліктілігі және сертификаттары және партфолиоға қажетті өзге де деректер онлайн платформада жазылады.
«Бұл құжат айналымын қысқартып, аттестаттау рәсімдерінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар педагогтердің күш-жігерін есептілікке емес, оқыту сапасына бағыттауға жағдай жасайды», – деді спикер.
Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда педагогтерді аттестаттау кезінде авторлық бағдарламаларды міндетті түрде әзірлеу талабы алынғанын айтқан еді.