Жаңалықтар

Бүгін елде «Кітапхана түні» акциясы өтеді

Алматы қаласындағы кітапхана және студент
фото: shutterstock

Бүгін ел бойынша «Кітапхана түні» акциясы өтеді. Шара Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылып отыр деп хабарлады мәдениет және ақпарат министрлігі.

Қандай шаралар өтеді?

Алматы қаласында «Айқас» зияткерлік ойыны ұйымдастырылады. Астанада «Кітапханадағы түнгі vibe» бағдарламасын өткізбекші. Батыс Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған бағдарлама ұсынылады.

Жамбыл облысында «Түнгі кітап әлеміне саяхат» атты танымдық іс-шара болмақ. Түркістан облысында ақын Асылзат Арыстанбек пен композитор Жанар Болатбекованың қатысуымен поэзия кеші өтеді.

23 сәуір елімізде Ұлттық кітап күні болып қабылданды. Соған орай ел бойынша апталықтар ұйымдастырылып жатыр. 16 сәуір – «Артық білім кітапта…», 17 сәуір – «Сөз өнеріндегі өлкетану», 18–19 сәуір – «Weekend. Book. Vibes», 20 сәуір – «Кітапхана түні» акциясы, 21 сәуір – «Кітап. Тарих. Шежіре», 22 сәуір – «Кітап – достық амбассадоры», 23 сәуір – Ұлттық кітап күні деп бекітіліп, соған орай квест-ойындар, зияткерлік сайыстар, шығармашылық кездесулер өтеді.

Ел кітапханаларындағы жаңашылдық та көбейіп жатыр. Мәселен, осы сәуірде Алматы кітапханаларының мобильді қосымшасы іске қосылды. Ол арқылы кітапты онлайн тапсырып беріп, үйге алдыруға болады.

Ал жыл басынан бастап мегаполистегі кей кітапханалар тәулік бойы істейтін режимге көшті.