
Ішкі істер министрлігі соңғы уақытта интернет пен мессенджерлерде терроризм актісі туралы жалған ақпарат тарату деректерінің жиілеп кеткенін хабарлады. Бұл туралы Polisia.kz ведомствоның ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап жазды.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама таратушылар мұны көбіне «әзіл» немесе «қалжың» ретінде қабылдайды. Алайда, заң алдында бұл ауыр қылмыс деп есептеледі.
ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бергендерге қатаң жаза қарастырылған. Бұл әрекет үшін тіпті бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Бұл әрекеттің салдары қандай болуы мүмкін?
- Жалған хабарламалар тек үрей туғызып қана қоймай, мемлекетке үлкен залал келтіреді: Халықты жаппай эвакуациялауға мәжбүрлейді;
- Мектептердің, ауруханалардың және басқа да әлеуметтік нысандардың жұмысын тоқтатады;
- Арнайы қызметтердің (полиция, жедел жәрдем, өрт сөндірушілер) орасан зор күші мен ресурсын босқа шығындауға әкеп соғады.
Қазіргі заманауи цифрлық технологиялар кез келген хабарламаның қайдан және кімнен келгенін жедел анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан жасырын қалу мүмкін емес дейді ІІМ-нен.
Ішкі істер органдары құқық бұзушылықтың алдын алу үшін келесі ережелерді сақтауды сұрайды:
- Тексерілмеген ақпаратты таратпаңыз: Күмәнді хабарламаларды топтарға немесе таныстарыңызға жібермеңіз.
- Балаларға түсіндіріңіз: Жасөспірімдерге мұндай «ойындардың» соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертіңіз.
- Дереу хабарлаңыз: Егер сізге қауіп төндіретін хабарлама келсе, бірден полицияға хабарласуыңыз қажет.
Биыл жыл басында желілер мен мессенджерлерде Алматының бірқатар мектептерінде террористік актілер дайындалып жатқаны жайлы ақпарат тараған еді. Бірақ Полиция департаменті ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, терістеді.