
Елдегі мектептерге жаңа қабылданған Конституция негіздерін түсіндіру бойынша жаңа пәндер енгізіледі. Бұл жайлы Оқу ағарту министрлігіне сауал жолдаған Informburo жазады.
Ведомствоның атап өтуінше, Конституцияға арналған бірнеше элективті курс енгізу жоспарланып отыр. Соның аясында 5-7 сыныптар үшін «Конституция негіздері», 8-9 сынып оқушылары үшін «Заң және тәртіп» атты курстардың бағдарламасы әзірленіп жатыр. Ол пәндерді тарих және құқық пәні мұғалімдері беру керек.
Министрлік бұл өзгерістер үшін балаларға қосымша сабақ қосылмайтынын, бар сабақтардың мазмұны өзгеретінін айтып отыр.
17 наурызда Тоқаев жаңа Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды.
Ал 6 сәуірде Үкімет Жаңа заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды халыққа түсіндіруге бағытталған ауқымды іс-шаралар жоспарын қабылдады. Бұл тек ақпарат тарату емес, жаңа заңдардың әрбір азаматтың өміріне қалай әсер ететінін ұғындыру науқаны болмақ.