
Салық органдары 4 ай бойы 650 мыңнан аса салық берешегін төлемеген мыңдаған компанияның тізімін жариялады. Бұл тізімге 650 мың теңгеден бастап, жүздеген млрд теңге салық қарызы бар компаниялар енген.
«Ai-To Progress» ЖШС 113,9 млрд теңге қарызбен бірнеше жылдан бері борышкерлер тізімінің басында тұр. Құрылғанына 17 жылдан асқан компанияны кейбір басылымдар марқұм Болат Назарбаевпен байланыстырады. Сол жылдары BN DEC SERVICE деп аталып, құрылтайшылар құрамында Назарбаевтың өзі болғанын жазады.
Одан кейінгі орында Түркістан облысында тіркелген TEX ALLIANCE ЖШС 97,2 млрд теңге берешегімен тұр. Жалғыз иесі – Азамат Жанұзақов. Бұл компанияны да кезінде Бас прокуратура Қытайдан заңсыз тауар кіргізумен айналысқан ұйымдардың тізіміне енгізген.
Алматы қаласындағы Alpha-bet мекемесінің қарызы 97 млрд теңгеге жеткен. Букмекердің жарғылық капиталының жалғыз иесі – Velora Group LTD.
Салық міндеттемесін орындамағандардың тізімінде төртінші орында «GROUP OF COMPANIES» (95,2 млрд теңге) келеді. Компанияның меншік иелері қатарында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева мен компания басшысы Әли Қылышбаев бар.
«OLIMP KZ» букмеркер компаниясының салық қарызы 86 млрд теңгеге жеткен.
Сонымен қатар борышкерлер тізімінде ЖШС «GB Invest» 48,2 млрд теңге, «Кастинг» ЖШС 20,2 млрд теңге және астаналық «ҚазГерСтрой» компаниясы 9,8 млрд теңге берешекпен тіркелген.
Бюджетке берешек компаниялар ондығын «Түркістан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 6 млрд теңге, «БатысНефтеТрейд» ЖШС 3,9 млрд теңгемен түйіндейді. Бұл кәсіпорындардың жалпы берешегі негізгі салық сомасынан, мерзімі өткен өсімпұлдар мен айыппұлдардан құралған.