Жаңалықтар

Қостанайда түнгі клубта төбелес шығарғандар 3 жылдан 7 жылға дейін сотталды

Қостанайда түнгі клубта төбелес шығарғандар 3 жылдан 7 жылға дейін сотталды / Фото: ЖИ көмегімен жасалған, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Түнгі клубта аяусыз төбелес шығарған Қостанайдың үш тұрғыны нақты мерзімге сотталды. Істі №2 қалалық сот қарады. Іс бойынша үш айыпталушы болған еді. Оларға денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бұзақылық жасады деген айып тағылды.

Оқиға қашан болды?

Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың жазында болған. Бір топ жас жігіт клубта демалып, ішімдік ішкен. Би алаңында олардың бірі басқа адаммен кездейсоқ шынтақтасып қалған. Жанжал бірден өршіп кеткен. Топ мүшелерінің бірі бейтаныс ер адамның дәл көзінен жұдырықпен ұрған. Соққының қатты болғаны сонша, жәбірленуші еденге құлаған.

Шабуылдаушылар мұнымен тоқтап қалмаған. Көшеге шыққан соң олар өзара төбелесті жалғастырып, бірнеше адамға бірдей тап берген. Жәбірленушілерді соққыға жыққан. Нәтижесінде тағы бірнеше келуші зардап шегіп, олардың бірі жеңіл жарақат алды. Тағы бір жәбірленушінің көзіне тиген соққыдан кейін көру қабілеті күрт нашарлап, кейіннен бұл жарақат денсаулыққа келтірілген ауыр зиян деп танылды.

Сотта айыпталушылардың бірі өз кінәсін толық мойындаса, қалған екеуі ішінара мойындады. Олардың барлығы өздеріне қатаң жаза қолданбауды сұрады. Жәбірленушілер, керісінше, қатаң үкім шығаруды және келтірілген шығынды өтеуді талап етті.

Сот үкімі

Нәтижесінде сот төбелеске қатысушылардың біріне жеті жылға, тағы екеуіне үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Олардың барлығы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Жәбірленушілердің азаматтық талап арыздары қанағаттандырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.