
Шымкент қаласында полиция қызметкерлері алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен пәтер ұрыларын әшкереледі.
Полиция ақпаратынша, күдіктілер – Алматы облысынан келген үш азамат. Олар қала аумағында бірнеше рет ұрлық жасап үлгерген.
«Тергеу барысында олардың қылмыс жасау үшін иелері үйде болмаған кезді пайдаланып, көбіне түнгі уақытта ішке заңсыз кіргені анықталды. Қолды болған заттардың қатарында ақша мен алтын бұйымдар бар», – делінген ақпаратта.
Ұрылар тобы жоспарын іске асыру үшін рация қолданған. Осы арқылы олар бір-бірімен үздіксіз байланысып отырған. Рөлдерді бөлісіп, жағдайды бақылап отырған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілердің барлығы ұсталып, қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды қауіпсіздік шараларын мұқият сақтауға шақырады.
Сонымен қатар былтыр Шымкентте ондаған үйден 20 млн теңгенің алтынын ұрлаған бір топ азамат ұсталған болатын.