Экономика

«Тау-Кен Самұрық» вольфрам кен орнындағы 70% үлесін америкалық инвесторға сатты

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Тау-Кен Самұрық» компаниясы «Солтүстік Қатпар» вольфрам кен орнын игеріп отырған компаниядағы 70% үлесін сатты. Қаржы есептілігі депозитарийіндегі хабарламаға сәйкес, оны Cove Kaz Capital Group компаниясы сатып алған.

Құжатқа сәйкес, «Тау-Кен Самұрық» пен Cove Kaz Capital Group LLC арасындағы шарт 13 ақпанда жасалған.

Қазақстанда вольфрамның 12-ге жуық кен орны барланған. Олардың жалпы қорында 2 млн тоннадан астам вольфрам триоксиді бар. Соның ішінде Қарағанды облысында орналасқан «Жоғарғы Қайрақты» мен «Солтүстік Қатпар» кен орындары болашағы зор кен орны саналады. «Солтүстік Қатпар» кен орнында шамамен 90 мың тонна вольфрам мен 13 мың тонна молибден бар деп бағаланған.

Cove Kaz Capital Group LLC – халықаралық Cove Сapital Group LLC құрамына кіреді. Аталмыш топ 2015 жылдан бері геологиялық барлау кезеңінен бастап құрылыс кезеңіне дейінгі тау-кен жобаларына инвестиция салып келеді. Cove Capital кеңсесі АҚШ пен Аустралияда орналасқан.

«Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» акционерлік қоғамы қатты пайдалы қазбаларды барлау, игеру, өндіру, өңдеу және өткізу, тау-металлургия саласы акциялар пакетін тиімді басқарумен айналысады. Компания «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» компаниялары тобына кіреді.