Жаңалықтар

Таяу Шығыстағы шиеленіс әлем экономикасына 50 млрд доллар шығын әкелді

Әлем экономикасы 50 млрд доллар шығынға батты
Әлем экономикасы 50 млрд доллар шығынға батты/shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан мұнай өндірісінің тоқтап қалуы әлем экономикасына 50 млрд доллар шығын әкелді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, дағдарыс басталғалы нарыққа 500 млн баррельден астам шикі мұнай мен конденсат жетпей қалған. Бұл энергия жеткізудегі ең ірі іркілістің бірі болды.

Сарапшылар пікірі қандай?

Мұнай өндіру жоспарларының орындалмауына байланысты әлем экономикасы 50 млрд доллардан астам табысынан айырылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл дағдарыстың зардабы алдағы айларға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін.

Wood Mackenzie талдаушысы Иэн Моуттың айтуынша, жоғалған шикізат көлемі әлемдік авиацияның 10 апталық сұранысын немесе жер бетіндегі бүкіл көлік қозғалысының 11 күнгі шығынын қамтамасыз ететін еді. Тіпті бұл жаһандық экономиканың бес күн бойы мұнайсыз қалуымен бірдей.

Reuters агенттігінің есебінше, 500 млн баррель АҚШ-тың бір айлық мұнай тұтынуын немесе әлемдік кеме қатынасы саласының төрт айлық жұмысын толық қамтамасыз ете алатын еді.

Мұнайдың орташа бағасы 100 доллар екенін ескерсек, ол әлемдік нарық үшін 50 миллиард доллар жоғалған табыс. Негізгі шығын Парсы шығанағы елдерінде байқалды, – делінген хабарламада.

Наурыз айында Парсы шығанағы елдерінде мұнай өндірісі тәулігіне 8 млн баррельге дейін азайды. Бұл жағдай ұшақ отынының саудасына соққы болды. Оның экспорты ақпан айымен салыстырғанда көктемде бес есе төмендеп кетті. Сауд Арабиясы мен БАӘ сияқты ірі мемлекеттердегі көрсеткіш 19,6 миллион баррельден 4,1 миллионға дейін құлдырады.

Айта кетейік, 20 сәуір күні таңертең Brent маркалы мұнай фьючерстері 6% қымбаттап, барреліне 96 доллардан асып кеткен. Астана уақытымен 09:47-де эталонды мұнай бағасы 95,6 долларға дейін түсті.