
Президент ұлт перзенті, аса көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері, халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.
19 сәуір күні Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасына қараған шағында өмірден өтті. Ақынның жары Ханшайым Шаханова президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, ақынның соңғы аманатын орындауға қолдау көрсетуін сұраған еді.