
Астанада құқықбұзушылықтарды камералар арқылы бақылау күшейіп жатыр. Бір жыл ішінде қаладағы камера саны екі есеге артып, 60 мыңға жетті. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында мәлімдеді.
Шамадан тыс камера не үшін қажет
Әкімнің айтуынша, Астанада көлік саны күрт артқан. Қалада 456 мың автокөлік тіркелген, бұған қоса шамамен 50 мың тіркелмеген көлік бар. Жыл сайын автопарк 10%-ға өсіп келеді. Күнделікті кіріп-шығатын көліктерді есептегенде, қала көшелерінде 600 мыңнан астам көлік қозғалыста болады.
Бейнебақылау жүйесі қалай жұмыс істейді
Барлық 60 мың камера бірыңғай ахуал орталығымен біріктіріледі. Сонымен қатар, «Smart City» жобасы аясында Presight AI Ltd компаниясымен бірлесіп бейнебақылау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Қандай өзгерістер болады?
Автоматты түрде тіркелетін құқықбұзушылық түрлері 4-тен 15-ке дейін көбейеді. Бұған қоса, жасанды интеллект негізінде 35 түрлі бейнесараптама енгізіледі. Биыл жол қозғалысы ережелерін тіркейтін 1 200 кешен іске қосылады.
Бағдаршамдар да жаңаруда
Қазір қаладағы 818 бағдаршамның 582-сі жаңғыртылған. Жыл соңына дейін барлық бағдаршамдарды жаңарту жоспарланған.
Айта кетейік, ведомствоаралық комиссия жиынында ІІМ Ержан Сәденов жарық шағылыстыратын белгісі жоқ көліктер техникалық байқаудан өтпейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіліп, «жасырын» патрульдер көбейеді.