
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея әзірге мұнай саудасына қатысты жаңа келісімге қол қойған жоқ. Шенеунік Baige News басылымына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Астана мен Сеул келіссөзі
Бұған дейін Сеул Қазақстаннан 18 млн баррель мұнай сатып алатынын жариялаған.
«Әлі қол қойылған жоқ. Қызу әрі белсенді түрде талқылау жүріп жатыр», – деп түсіндірді министр.
Оның айтуынша, Оңтүстік Корея бұған дейін де Қазақстаннан 5 млн тонна шамасында мұнай сатып алып жүрген. Алайда кейінгі уақытта, әсіресе Қызыл теңіздегі қолайсыз ахуалға байланысты, мұнай экспорты 2 млн тоннаға дейін төмендеген.
«Енді Оңтүстік Кореядағы әріптестеріміз елге келіп, біз бұрынғы қарым-қатынасты қайта жандандыру, қазақ мұнайын сол елге тасымалдау мәселелерін талқыладық», – деді Ақкенженов.
Мұнай жеткізуге екі ай кетеді
Дегенмен, министрдің айтуынша, Таяу Шығыстағы күрделі жағдайға байланысты мұнай тасу жолдары айтарлықтай өзгеріске түсіп отыр.
«Сол себепті қазақ мұнайы Гибралтар арқылы Африканы айналып өтіп, Қиыр Шығысқа қарай жол тартады. Шикізатты жеткізу жолы әлдеқайда ұзарғалы тұр. Бұрын 25-30 күн кетсе, енді шамамен 60 күнде мұнай сол елге жетеді», – дейді энергетика министрі.
Оңтүстік Корея билігі Ормұз бұғазынан тыс бағыттардан 273 млн баррель мұнай сатып алуды көздеп отыр. Оның басым бөлігін Сауд Арабиясы берсе, қалғаны Қазақстан, Қатар және Оман елдерінен сатып алынады.
Сұхбат барысында министр Ерлан Ақкенженов мұнай бағасына қатысты болжам жасаған.