
Ресей билігі 2026 жылғы 1 мамырдан бастап Қазақстан мұнайын «Достық» құбыры арқылы Германияға экспорттауды доғарады. Бұл туралы Reuters үш түрлі дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлады.
Жайсыз хабар
Кремльдің қазақ мұнайын Шығыс Еуропаға экспорттау жолын бөгеу себебі әзірге белгісіз. Басылым дереккөздері оны анықтай алмаған.
«Reuters-пен тілдескен дереккөздер өзгеріс енгізілген мұнай экспорттау кестесі Қазақстан мен Германияға жолданғанын айтты», – деп таратты агенттік. Дереккөздер аты-жөні аталмады.
Қазақстан 2025 жылы «Достық» мұнай құбыры арқылы Германияға 2,1 млн тонна шикізат жеткізген. Ал 2026 жылы оның көлемін 2,5 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлаған. Германия осы құбыр арқылы ай сайын 200-300 мың тонна қазақ мұнайын алып отырған.
Қазақстанның құзырлы мекемелері әзірге осы мәселеге қатысты ресми мәлімет таратқан жоқ.
Маңызды құбыр
«Достық» мұнай құбыры КСРО кезінде салынған. Оның оңтүстік тармағы Венгрия, Словакия және Чехия, солтүстік тармағы Польша мен Германияға тартылған.
Жалпы ұзындығы шамамен 5,5 шақырымға созылатын құбыр әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы жобалардың біріне жатады. Құбыр Татарстанның Алметьевск қаласынан басталады. Каспий теңізі, Орал, Батыс Сібірде өндірілген мұнай осында жиналады.