
Премьер-министр Олжас Бектенов педагогтердің ерекше балалар және ересектермен жұмыс істеуде практикалық дағдылары жетіспейтінін айтты.
Оның пікірінше, бүгінде психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орындары жүктемені көтере алмай жатыр. Нәтижесінде ата-аналар кезегін айлап күтуге мәжбүр.
Бұдан бөлек, елде логопед, сурдолог мен реабилитолог сияқты тар бейінді мамандар тапшы.
«Педагогтердің ерекше балалармен және ересектермен жұмыс істеуде практикалық дағдылары аз. Мысалы, мұғалімдердің бәрі бірдей ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен практикалық жұмысты қалай құру керегін біле бермейді. Бұған азаматтардан түскен көптеген өтініштер дәлел», – деп атап өтті Бектенов.
Осы ретте Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде:
- мұғалімдерді ерекше балалармен жұмыс істеуге тұрақты түрде оқыту;
- 1 қыркүйекке дейін инклюзивті білім берудің жаңа моделін енгізу;
- кадрлармен қамтамасыз ету қызметтерін күшейту бар.
Айта кетейік, енді Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдарды көбірек жұмысқа тарта бастайды. Өткен жылы еңбекке қабілетті 413,7 мың мүмкіндігі шектеулі жанның ішінен 110,8 мың адам немесе 30%-ы жұмыспен қамтылған.