
Қытайдың Changan компаниясы 2030 жылға қарай әлемнің үздік 10 автокөлік өндірушісі қатарына енуге ұмтылады. Мақсат – бір жылдағы сауда көлемін 5 млн көлікке дейін жеткізу.
Компания осындай жоспарын Бейжіңде өтетін автокөрме қарсаңында жариялады. Оған Reuters шолу жасап шықты.
2025 жылы Changan бүкіл әлем бойынша 2,9 млн көлік сатқан. Сол арқылы автокөлік өндірушілер рейтингінде 13-сатыға көтерілген.
Кейінгі уақытта Қытай нарығы баяулады. Соған байланысты компания әлем нарығына көбірек өнім шығаруға ден қоя бастайды. Былтыр Changan Қытайдан тыс жерлерге 638 мың көлік сатқан. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,8 млн данаға дейін жетуі тиіс.
Жыл басында тағы бір қытай компаниясы – Geely 2030 жылға қарай жылдық сауданы 6,5 млн көлікке жеткізгісі келетінін мәлімдегін. Былтыр ол 4,2 млн көлік өткізе алған. BYD қытай компаниясы да алдағы төрт-бес жыл көлемінде өнімдердің жартысын шетелге сатуды көздеп отыр.
Айта кетейік, Changan CS55 Plus кроссовері 2025 жылы Қазақстанда ең көп сатылған қытай көлігі атанды. Былтыр жергілікті тұтынушылар осындай 5,5 мың автокөлік сатып алған.