
ForteBank 2025 жыл үшін дивиденд төлемейтін болды. Бұл мәлімдеме Қазақстан қор биржасында (KASE) банк акцияларының бірден 14,9%-ға арзандауына себеп болды.
21 сәуір күнгі сауда-саттық барысында ForteBank бағалы қағазы құнсызданып, 14,1 теңгеден 12,7 теңгеге түсті.

Бұған дейін банк 2021 жылы дивиденд төлемеген. Айта кетерлігі, банктің қаржы жағдайы тұрақты өсім көрсетіп отыр: былтырғы таза пайда 182,3 млрд теңгені құрады.
Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14%-ға жоғары. Дегенмен қаржы ұйымы пайдасының артқанына қарамастан, акционерлер былтырғы табысты бөліске салмай, банкте қалдырмақ.
Басқарма құрамы өзгерді
Банктің Директорлар кеңесінің құрамында да маңызды кадрлық ауыс-түйіс орын алды. 21 сәуірден бастап бұрынғы Премьер-министрдің орынбасары, ҚР Ұлттық банкінің экс-төрағасы және бұрынғы Қаржы министрі Ораз Жандосов ForteBank Директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директор болып сайланды.
Банктің 91,1% акциясына Forbes Kazakhstan рейтингіндегі алпауыт кәсіпкер Болат Өтемұратов иелік етеді, қалғаны еркін айналымда. Былтыр ол «Home Credit Bank-ті» сатып алған.