
Көлік саласындағы инклюзивті саясат тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында баяндады. Оның айтуынша, шаралар үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда: инфрақұрылым, көлік және қызметтер.
Теміржол көлігінде құрамдардың шамамен 90%-ы көтергіштермен және бейімделген купелермен жабдықталған.
«2030 жылға қарай әрбір жолаушылар құрамында кемінде бір мамандандырылған вагон болады», – деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Вокзалдарды реконструкциялау аясында кедергісіз орта элементтері – пандустар, лифтілер мен көтергіш құрылғылар енгізілуде, касса аймақтары мен санитарлық бөлмелер жаңартылуда.
Авиация саласында ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсету үшін базалық жағдайлармен қамтамасыз етілген әуежайлардың қолжетімділігі артып келеді.
Автокөлік саласында инклюзивтілік деңгейі кезең-кезеңімен артуда: автовокзалдар мен автостанциялардың шамамен 80%-ы, сондай-ақ, қалалық автобустардың 79%-ы қолжетімділік талаптарына сәйкес келеді. Инватакси жүйесі де дамып жатыр – автопарк 30%-ға ұлғайып, 1 426 бірлікке жетті.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда.