Жаңалықтар

Көпір үшін 2 млрд залал келтірген мердігер тергеуге алынды

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Петропавл қаласында көпір салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті хабарлады.

Құны – 5,4 млрд

2023 жылдың тамыз айында Петропавл қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ мен «БУКА» ЖШС арасында жалпы құны 5,4 млрд теңгеге автожол көпір салу туралы келісімшарт жасалған. Шартты орындау барысында мердігер ұйым тарапынан жұмыс кестесінен жүйелі түрде кешігуге жол берілген.

Жалған актілер

Тергеу амалдарына сай, мердігер ұйымның директоры тапсырыс беруші тараптың лауазымды тұлғаларымен сөзбайласа отырып, нақты орындалған жұмыс көлемі туралы жалған мәліметтер көрсетілген актілерді рәсімдеуді және қол қоюды ұйымдастырған. Осы құжаттардың негізінде мердігер ұйымның шотына бюджет қаражаты негізсіз аударылған.

24 автокөлікке тыйым

Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 2 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Соттың санкциясымен жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникаға тыйым салынды.

Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

ҚМА мұның алдында «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Абайұлы Қапеновтің  5,2 млрд теңгеден астам мөлшерде залал келтіргені туралы хабарлаған.