
Павлодарда Ертіс өзені арқылы салынып жатқан көпірдің конструкциялары тағы да өртенді. Бұл жолы да өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтай алды.
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама «101» пультіне түскен. Оқиға орнына келген құтқарушылар салынып жатқан көпірдің 4-ші тірегіндегі жылытқыш пен ағаш қалыптардың өртеніп жатқанын анықтаған. Өрт ошағы шамамен 30 метр биіктікте болған.
«Күрделі жағдайларға қарамастан, өрт сөндірушілер жалынды жедел бақылауға алып, 160 шаршы метр аумақтағы өртті қысқа мерзімде сөндірді», – деп хабарлады ТЖД.
Ведомство өкілдері оттың көпір конструкцияларына таралуына жол берілмегенін нақтылады. Өрттің шығу себептері анықталуда.
Еске салайық, 31 қаңтар кешке Павлодар облысында миллиард теңгеге салынып жатқан көпір отқа оранған еді. Бірақ өрт тез арада өшірілген.