
Әлемдік нарықта қазақстандық CPC Blend маркалы мұнайына баға арзандап жатыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, өткен жұма күні мұнайдың бұл түрі 114,47 доллар деңгейінде саудаланса, дүйсенбі, 20 сәуір күні оның құны 112,23 долларға дейін төмендеді.
Көрсеткіш нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың өзгеріске ұшырағанын және инвесторлардың сақтық танытып отырғанын байқатады. Таяу Шығыстағы қақтығыс мұнай нарығындағы баға тұрақтылығына айтарлықтай әсер етіп отыр.

Әлемдік эталондармен салыстырмалы көрсеткіш
Мұнай нарығындағы жалпы ахуалға тоқталсақ, CPC Blend бағасының арзандауы өзге де халықаралық маркалардың динамикасына сәйкес келеді. Қазір Brent маркалы мұнай бағасы 94,55 долларды құрап отырса, WTI маркасы 86,23 доллар деңгейінде тұрақтанды.
Бұл ретте CPC Blend маркасы әлемдік эталондарға қарағанда жоғары бағада сақталып отырғанымен, жалпы құлдырау қарқыны нарық қатысушыларының назарын аударып отыр.
Соңғы бір айдағы баға динамикасы
Айта кетерлігі, CPC Blend мұнайының құны соңғы бір айдың ішінде айтарлықтай арзандады. Осыдан бір ай бұрын баға 130,1 долларға дейін көтерілген болатын, алайда содан бері біртіндеп арзандап, қазіргі 112 долларлық межеге түсті.
Осылайша, бір ай ішінде мұнайдың бұл түрі 18 долларға немесе 13,9% құнсызданып, соңғы уақыттағы ең төменгі көрсеткішін тіркеді.
Еске сала кетейік, Иран екі айдан бері әлемдік энергия тасымалы үшін өте маңызды Ормұз бұғазын жауып ұстап отыр. Бұл әлемдегі жанармай бағасының күрт өсуіне әкелді. 18 сәуір күні бұғаз аз уақытқа ашылғанымен, кейін Иран кемелерге оқ жаудырғаны туралы ақпарат тарап, қайта жабылды. Трамп бұл әрекетті келісімді өрескел бұзу деп айыптады.