
Алматы қаласында ақын Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйледі. Ол азалы жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатын оқып берді.
«Ақынның жалынды жырларын қалың оқырман сүйсіне оқыды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылды. Өнегелі өмір сүріп, артына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген мемлекет басшысының хатында.
Әшімбаевтың айтуынша, ақынмен қоштасуға бір топ азамат Астанадан арнайы ұшып келді. Олардың арасында вице-премьер Аида Балаева, ақын Ұлықбек Есдәулет, депутат Жанарбек Әшімжан бар. Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев та қаралы жиынға қатысты.
«Біз де ағамыздың отбасына, жақындарына және барша қазақ еліне қайғыра көңіл айтамыз», – деді сенат спикері.
Алматыдағы азалы жиынға қатысу үшін Қырғызстаннан да үлкен делегация келді.
Шахановпен қоштасу рәсімі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтіп жатыр. Азалы жиын аяқталған соң ақынның денесін Түркістан облысына әкетеді.
22 сәуірде сағат 10:00-де Отырар ауданы Жаңа Шілік ауылында жаназа рәсімі өтеді. Марқұм Арыстан баб кесенесінен 800 метрдей қашықтықта орналасқан Қоғам ауылы зиратына жерленеді. Сол жерге үлкен кесене тұрғызылады.
Естеріңізге сала кетейік, халық жазушысы Мұхтар Шаханов 2026 жылғы 19 сәуірде, 84 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Ол қазақ әдебиетіне қалдырған мұрасымен ғана емес, ұлт мүддесі мен демократия құндылықтарын қорғаушысы ретінде тарихқа енді.