
Орта салмақтағы WBO чемпионы, қазақстандық былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлының айналасындағы жағдай жаңа сипат алып отыр. Boxing Social басылымының хабарлауынша, боксшының командасы Дүниежүзілік бокс ұйымына (WBO) ресми апелляция түсіріп, қолданыстағы дисквалификацияны толықтай алып тастауды немесе мерзімін қысқартуды талап етті.
Президент мәлімдемесі
WBO президенті Густаво Оливьери ақпаратты растап, қазіргі уақытта іс қаралып жатқанын жеткізді.
«Жәнібек пен оның командасы дисквалификацияға қарсы апелляция берді. Олар шығарылған шешіммен келіспейді және оны қайта қаратуға заңды құқықтары бар», – деді Оливьери.
Естеріңізге сала кетейік, Әлімханұлының допинг-сынамасынан тыйым салынған зат табылғаннан кейін, 2026 жылдың желтоқсанына дейін жекпе-жектерден шеттетілген болатын. Бұл оқиға WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жоспарланған біріктіруші айқасқа санаулы күндер қалғанда орын алды. Соның салдарынан Ларамен жекпе-жек өтпеді. IBF ұйымы қазақстандық боксшыны белбеуінен айырды. WBO атағы боксшының иелігінде қалды, бірақ жекпе-жектерден шеттетілді.
Қазіргі апелляцияны заңгерлер мен лицензияланған мамандардан тұратын арнайы комиссия қарастырып жатыр.
Уақытша титул және дивизиондағы жағдай
WBO ұйымы дивизионның тоқтап қалмауы үшін уақытша титул тағайындады. Қазіргі уақытта белбеу британиялық Дензел Бентлидің иелігінде.
Ендігі кезекте ұйым Бентлиге кубалық Йоэнлис Эрнандесті міндетті қарсылас ретінде дайындап жатыр. Дегенмен, Бентлидің промоутерлері алдымен ерікті қорғау жекпе-жегін өткізуге рұқсат сұраған.
Егер апелляция қабылданса…
Егер комиссия Әлімханұлының талабын қанағаттандырып, дисквалификацияны алып тастаса, WBO жедел түрде Әлімханұлы – Бентли айқасын ұйымдастыруы мүмкін. Бұл жағдайда кубалық Эрнандес келесі кезектегі үміткер болып қала береді.