
Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
Мемлекет басшысы тарихи сапар аясында марапаттау рәсімін өткізу қазақ тарапы үшін зор мәртебе екенін атап өтті. Сондай-ақ моңғол басшысына білікті, ірі саясаткер деген баға берді.
«Біз Сізді өз халқын алға бастап келе жатқан парасатты, білікті, ірі саясаткер деп білеміз, сыйлаймыз. Моңғолияны көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз өсіп-өркендеп келеді. Өзіңіздің бастамаңызбен түрлі салада тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Моңғолияның экономикасы дамып, халқыңыздың әл-ауқаты жақсарды. Сонымен қатар еліңіздің аймақтағы және әлемдегі беделі арта түсті. Сіздің басшылығыңызбен моңғол жұрты алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі ел арасында шынайы достық пен өзара құрметке негізделген қарым-қатынас орнағанына тоқталды.
«Сіз қазақ-моңғол қарым-қатынасын нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Осыған орай, мен Өзіңізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл награда – барша қазақ халқының Сізге және бауырлас моңғол жұртына деген ерекше құрметінің белгісі. Қазақстан мен Моңғолияның достығы мәңгі болсын», – деді Мемлекет басшысы.
Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары марапат тапсырғаны үшін алғыс айтып, Қазақстанмен достық қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолында барынша күш-жігер жұмсауға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүх Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды Ақордада салтанатты түрде қарсы алды.