Жаңалықтар

Қазақстан мен Моңғолия қандай келісім жасады

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Моңғолия президентімен шағын құрамда келіссөздер жүргізді.

Мемлекет басшысы екі елдің бауырлас екенін, ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер екенін атап өтті.

«Біз – тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз, көшпенді халықтардың ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол – ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Бүгінде ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында дамуда. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығаюда. Құрметті президент мырза, сіз екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып келесіз. Мұны жоғары бағалаймыз. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Моңғолияда көптеген оң өзгеріс болып жатыр», – деді Президент.

Моңғолияда жаңа қала салынуда

Өткен жылы Моңғолия экономикасы 6,8%-ға өсті. Сондай-ақ Моңғолияда мемлекетті дамытуға арналған «Vision-2050» кешенді жоспары жүзеге асырылып отыр.

«Сондай-ақ Қарақорым атты жаңа қала салуды бастап кеттіңіздер. Бірегей жобалардың табысты болуына тілектеспіз. Сарабдал саясатыңыздың арқасында Моңғолияның халықаралық беделі арта түсті. Біз бауырлас елдің барлық жетістігіне қуанамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Астана-Ұланбатыр арасында тікелей әуе рейстері ашылады

Тоқаев Моңғолия басшысымен Астана мен Ұлан-Батыр арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта жандандыруға келіскенін айтты. Сондай-ақ Қазақстанда білім алуға ниетті моңғол жастарына әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді.

Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанға мемлекеттік сапармен араға жиырма жыл салып келіп отырғанын жеткізді. Моңғол-қазақ қарым-қатынастары стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерілгенін де айрықша атап өтті.

«Құрметті президент мырза, Сіздің көреген, парасатты және жоғары кәсіби басшылығыңыздың арқасында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік салаларды дамытуда айтарлықтай табысқа жетті. Моңғол халқы еліңіздің жетістіктерін жіті бақылап отыр. 2024 жылғы Моңғолияға сапарыңыз барысында оннан астам құжатқа қол қойылды. Бүгін де бірқатар маңызды құжаттар қабылданады», – деді Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух.

Айта кетейік, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүх Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды Ақордада салтанатты түрде қарсы алды.