Жаңалықтар

Тоқаев Ақордада Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхты қарсы алды

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхты қарсы алды.

Алдымен  екі ел басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды. Салтанатты рәсімнен кейін екі мемлекет басшысы келіссөз залына өтті.

Фото: Ақорда

Сапар аясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтеді. Сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.

Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын дамыту перспективасы талқыланады.

Фото: Ақорда

Ухнаагийн Хүрэлсүх 2021 жылғы 25 маусымнан бері Моңғолияның президенті қызметін атқарып келеді. Ол осы қызметке 2021 жылғы 9 маусымда өткен сайлауда жеңіске жетіп, кейін ресми түрде ант беріп, қызметіне кірісті.