Жаңалықтар

26 наурыз – Арал теңізінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні

26 наурыз – Арал теңізінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні / Фото: Shutterstock

Астанада өткен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) құрылтайшы мемлекеттер басшылары саммиті нәтижелі аяқтады, деп хабарлайды Ақорда.

Жоғары деңгейдегі кездесу қорытындысы бойынша аймақтағы экологиялық және су ресурстарын басқару мәселелерін реттейтін бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Саммит аясында мемлекет басшылары төмендегідей шешімдерге қол қойды.

Қазақстанның төрағалығына оң баға берілді

«Халықаралық Аралды құтқару қорына Қазақстан Республикасының төрағалық ету барысы туралы» шешім қабылданды. Құжатта Қазақстанның төрағалық кезеңінде атқарылған жұмыстар қорытындыланып, қордың қызметін жандандыру бағытындағы қадамдар бекітілген.

Күнтізбеде жаңа атаулы күн пайда болды

Мемлекет басшыларының шешімімен 26 наурыз – Арал теңізінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні болып жарияланды. Бұл бастама аймақтағы су мәселесіне әлемдік қоғамдастықтың назарын аударуды көздейді.

Қордың жаңа Президенті сайланды

Саммит барысында «Халықаралық Аралды құтқару қорының Президентін сайлау туралы» шешімге қол қойылды. Бұл шешім ұйымның алдағы жылдардағы стратегиялық бағытын айқындап, басқару жүйесін реттемек.

Астана мәлімдемесі қабылданды

Жиынның басты құжаты – Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының Астана мәлімдемесі. Мәлімдемеде Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту, су ресурстарын үнемді пайдалану және Орталық Азия елдерінің осы бағыттағы ынтымақтастығын нығайту бойынша ортақ ұстанымдар көрініс тапқан.

Халықаралық Аралды құтқару қоры Орталық Азиядағы ең ірі экологиялық ұйымдардың бірі. Ол Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайды сауықтыру мақсатында құрылған.