
Алматы қаласында 85 024 көлік иесі салықты төлемеген. Нәтижесінде борышкерлердің берешегі 7 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Департамент қарыздың негізгі бөлігі қозғалтқыш көлемі 4 000 текше сантиметрден асатын автокөліктерге тиесілі екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, мұндай көліктер үшін ең жоғары салық төленуі қажет. Көлік иелерінен қарызды өндіріп алу және бюджетке түсімдердің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында мегаполисте «Борышкер» жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр.
Борышкерлерді анықтау үшін «Сергек» камералары қолданылады. Борышкердің көлігі тіркелгеннен кейін мәліметтер сот орындаушыларына жіберіледі. Содан кейін көлік қарызы толық өтелгенге дейін айыппұл тұрағына жіберілуі мүмкін.
Айта кетейік, ел тұрғындары 2025 жылға арналған салықты 1 сәуірге дейін төлеуі тиіс еді. Төлем кешіктірілген жағдайда, 2 сәуірден бастап әр күн үшін өсімпұл есептеледі.