Жаңалықтар

Ақкенженов: Ресейдің қазақ мұнайын «Достық» арқылы тасуды доғаратыны рас

энергетика министрі Ерлан Ақкенженов
Министр Ерлан Ақкенженов / фото: gov.kz

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресейдің мамыр айында «Достық» құбыры арқылы қазақ мұнайын Германияға тасымалдауды доғарғалы жатқаны туралы сауалға жауап берді.

«Осындай мәліметті ресми емес дереккөздерден алдым. Әзірге Ресей жағынан ресми мәлімдеме болған жоқ. Бірақ ресми емес дереккөздер арқылы ақпарат рас екенін біліп отырмыз«, – дейді Ақкенженов.

Естеріңізге сала кетейік, Кремльдің қазақ мұнайын «Достық» құбыры арқылы Германияға тасымалдауды 2026 жылғы 1 мамырдан бастап тоқтатқалы жатқаны мәлім болды. Оны Reuters агенттігі үш түрлі дереккөз мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Ақкенженовтің айтуынша, көрші елдің мұндай шешім қабылдауына құбырдағы техникалық ақаулар себеп болған.

«Ресей жағы, тағы да ресми емес дереккөздер арқылы, қазақ мұнайын айдауға техникалық мүмкіндік жоқ екенін айып отыр. Соған қарағанда, осының бәрі жақында ресейлік инфрақұрылымға жасалған соққы салдары болса керек», – деп топшылады министр.

Ақкенженов шектеудің әзірге мамыр айына ғана қатысты екенін атап өтті. Оның мәлімдеуінше, Қазақстан биыл «Достық» арқылы шамамен 3 млн тонна мұнай экспорттауды көздеген.

Құбыр туралы

«Достық» мұнай құбыры КСРО кезінде салынған. Оның оңтүстік тармағы Венгрия, Словакия және Чехия, солтүстік тармағы Польша мен Германияға тартылған.

Жалпы ұзындығы шамамен 5,5 шақырымға созылатын құбыр әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы жобалардың біріне жатады. Құбыр Татарстанның Алметьевск қаласынан басталады. Каспий теңізі, Орал, Батыс Сібірде өндірілген мұнай осында жиналады.