
Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран арасындағы уақытша бітім режимін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Таяу Шығыстағы шиеленістің кезекті толқынына аз уақыт қалғанда жасалып отыр. Алайда дипломатиялық «тыныштыққа» қарамастан, әскери дайындық бәсеңдеген жоқ.
Дипломатиялық шарт
Трамптың мәлімдеуінше, атысты тоқтату режимі Тегеран өкілдері бейбіт реттеуге қатысты өз ұсыныстарын ресми түрде ұсынғанша және келіссөздер толық аяқталғанша күшінде болады.
Бұған дейін Вашингтон жариялаған екі апталық бітім мерзімі Астана уақытымен бейсенбінің таңында аяқталуға тиіс еді. Соңғы сәтте қабылданған бұл шешім тараптарға диалогты жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен Ақ үй басшысы АҚШ Қарулы күштеріне блокаданы жалғастыруды және кез келген уақытта «белсенді іс-қимылға дайын болуды» бұйырды.
Белгісіздік пен қысым
Келіссөздердің қайта басталуы төңірегіндегі жағдай әлі де болса тұрақсыз. Бір жағынан кездесуге дайындық жүріп жатқаны туралы белгілер байқалса, екінші жағынан екі ел де бір-біріне деген қысымды арттырып жатыр.
Иран әскерилері қақтығыс қайталанған жағдайда «дереу және батыл жауап» беруге дайын екендігін мәлімдеді.
Бұған дейін, Трамп Вице-президент Джей Ди Вэнс Иранмен соғысты тоқтату туралы келісімді талқылау үшін Пәкістанға жіберген еді.