Жаңалықтар

Автомектептер тәртіпке сай жұмыс істемей келген: 700-ден астам топ жабылды

Автомектептер тәртіпке сай жұмыс істемей келген
Автомектептер тәртіпке сай жұмыс істемей келген/фото: kursiv.kz

Ішкі істер министрлігі Қазақстандағы автомектептерге тексеріс жүргізді. Соның нәтижесінде жүргізушілерді даярлау үшін міндетті техникалық тексеруден өтпеген және сақтандыру полисі жоқ автокөлікті пайдаланған 59 оқу ұйымы анықталды.

Қандай олқылықтар анықталды?

Автодромдарда жол белгілері, жол таңбалары мен жарықтандырудың жеткіліксіз екені анықталған. Сондай-ақ кейбір көлік құралдарының ақауы болған. Қазір Әкімшілік полиция комитеті автомектептердің 701 оқу тобының қызметін тоқтатты.

Автомектеп есебін жүргізу және оқу топтарын тіркеу «Автомектеп» ақпараттық жүйесімен жүзеге асырылады. Бұл жүйе көмегімен онлайн режимде берілген куәліктің заңдылығын, сағаттық оқу бағдарламасын, оқу автокөлігін есепке алуды тексеруге болады.

Оқу ұйымдарының қызметіне бақылауды одан әрі күшейту мақсатында «Жол жүрісі туралы» заңға өзгеріс енгізу жөнінде заң жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.

Айта кетейік, енді жүргізушілер куәлік алу үшін шексіз емтихан тапсыра алады. Бұрын азаматтарға тек үш мүмкіндік беріліп, тапсыра алмай қалған жағдайда қайта оқу талап етілген.