
Ресми Берлин 2026 жылғы 1 мамырдан бастап қазақ мұнайы «Достық» құбыры арқылы Германияға айдалмайтыны туралы ескерту алды. Бұл туралы 22 сәуірде неміс экономика министрлігі хабарлады.
Неміс үкіметі хабардар
Reuters мәліметінше, Германия экономика министрлігі әзірге осы ақпаратты Мәскеу арқылы растап үлгермеді. Дегенмен Кремльдің қазақ шикізатын Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жеткізуді доғараты туралы алдын ала ескертуі «Роснефть Германия» компаниясы арқылы түскен.
«Қазір «Роснефть Германия» оның салдарын есептеп жатыр. Компания туындаған қиыншылықтарды еңсереді», – деп мәлімдеген неміс министрлігі.
Алайда Берлин қазақ мұнайы экспортының тоқтауы елдің энергетика қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етпейді деп есептейді. Немістер балама жолдар іздестіруге көшеді.
Экспорт қысқарады
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстан «Достық» құбыры арқылы Германияға 2,1 млн тонна мұнай жеткізген. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 730 мың тонна қазақ мұнайы неміс зауытына жетіп үлгерген. Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, үкімет биыл Германияға шамамен 3 млн тонна шикізат сатуды көздеген.
Естеріңізге сала кетейік, Ресейдің 1 мамырдан бастап қазақ мұнайын «Достық» арқылы Германияға жеткізуді доғаратыны 21 сәуірде мәлім болды. Астана мен Берлин үшін жайсыз жаңалықты Reuters агенттігі үш түрлі дереккөзге сүйене отырып таратты.
Ал 22 сәуірде Ақкенженов Ресей тарапы ресми түрде ескертпегенін, бірақ Германия бағытындағы экспорт тоқтайтынын бейресми арналар арқылы естігенін мәлімдеді.