
Енді Қазақстанда кез келген мәдени-бұқаралық шарада немесе теледидарлық түсірілімдерде әншілер фонограмма қолданатын болса, ол туралы көрерменге ашық айтылуға тиіс.
Мәдениет және ақпарат министрі 2026 жылғы 16 сәуірде әртістердің фонограммамен өнер көрсетуі туралы халықты хабардар етудің жаңа ережелерін бекітті. Жаңа талаптар 2 мамырдан бастап күшіне енеді.
Қандай өзгеріс болады?
Ұйымдастырушылар фонограмма қолданылатыны туралы ақпаратты билеттер сатыла бастағанға дейін 30 күн бұрын жариялауы керек. Бұл мәлімет көшедегі билбордтарда, билет сатылатын кассаларда және БАҚ-тағы жарнамаларда міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
Егер концерт туралы хабарландыру радио немесе теледидардан берілсе, фонограмма туралы ескерту жазбаның басында немесе соңында кемінде 5 секунд естілуі (немесе көрінуі) керек.
Ескертудің дауысы негізгі жарнамадан бәсең болмауы қажет. Оны қосымша дыбыс эффектілерімен жауып тастауға немесе бұрмалауға тыйым салынады. Егер жарнама роликтері 15 секундтан қысқа болса, онда міндетті түрде «Дауыстық фонограмма пайдаланылады» деген сөз айтылуы немесе жазылуы шарт.
Министрліктің бұл қадамы көрермендердің құқығын қорғауға және орындаушылардың адалдығын арттыруға бағытталған деп жазылған ведомство ақпаратында. Енді тыңдарман билет алар кезде әншінің жанды дауыста немесе жазбамен айтатынын алдын ала біліп отырады.
Былтыр қыста Тоқаев концерттерде фонограмма қолдануға тыйым салу туралы заңға қол қойған еді. Бірақ ол талап тек концерттерге қатысты. Ал телевизиялық жазбаларға немесе концерт өткізуге арналмаған алаңдарға шектеу қолданылмайды.