
Қазақтың біртуар ақыны, қоғам қайраткері, «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері Мұхтар Шахановтың жаназасы Түркістан облысында өтті. Ақынның сүйегі өзінің туған жері – Отырар ауданындағы қара шаңырағынан шығарылды.
Ақынды соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне Оңтүстік өңірінің тұрғындары ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қалың бұқара қатысты.
Қоштасу рәсімінде сөз алған Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ақынның қазақ әдебиеті мен ұлттық рухты көтерудегі ерен еңбегін атап өтті:
«Ұлы ақын ұлы даласына қайта оралды. Еліне мәңгілікке келді. Оның жаны мен рухы осы қасиетті топырақта мәңгілік жай таппақ», –деді депутат.
Еске сала кетейік, 21 сәуір күні Алматы қаласында Абай атындағы опера және балет театрында Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өткен еді. Алматы жұртшылығы ақынды үлкен құрметпен шығарып салып, содан кейін марқұмның денесі арнайы рейспен киелі Түркістан топырағына жеткізілді.