Жаңалықтар

Қайрат Сатыбалдыдан қайтқан бизнес-орталық неге сатылмай тұр

Бизнес-орталықты сатып алғыс келетіндер жоқ па?/Фото: Kursiv.Media архиві

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» Қайрат Сатыбалдыдан қайтқан Kaisar Plaza бизнес-орталығын неге нарықтық құнынан қымбатқа сатқалы отырғанын ашып айтпады. Kursiv.Media-ға берген жауабында аукционға шығарылатын дүние-мүлік құны ішкі қағидаларға сай белгіленетіні атап өтілген.

«Kaisar Plaza» бизнес-орталығы – «Қайтарылған активтерді басқару
компаниясы» ЖШС-нің меншігіндегі актив. Осыған байланысты оны сату және бастапқы бағасын белгілеу компанияның ішкі қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады»,- делінген жауапта.

Сонымен қатар KUVA аукционға қатысушыларға тең жағдай жасап, саудаға шығарылған нысанға қандай компаниялар қызығушылық танытып отырғанын жарияламайды.

«Сауда-саттыққа қатысушыларға тең жағдай жасау қағидатына сәйкес,
әлеуетті сатып алушылар туралы, сондай-ақ нақты тұлғалар немесе
компаниялар тарапынан қызығушылықтың бар-жоғы туралы ақпарат
жарияланбайды. Барлық қатысушылар мемлекеттік электрондық сауда алаңы
арқылы объект туралы ақпаратқа тең қол жеткізе алады, ал сауда-саттық ашық
әрі бәсекелестік негізде өткізіледі», – дейді компания.

Қазір аталған актив «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» меншігінде және басқаруында тұр.

Бұған дейін Kaisar Plaza бизнес орталығын сатуға бағытталған сауда-саттық сәтсіз аяқталды. «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы нысанды 61,5 млрд теңгеге бағалағанымен, белгіленген уақытта бірде-бір сатып алушыдан өтініш түспеген.

Нысанның нарықтық құны 2025 жылдың желтоқсанында 47,3 млрд теңге деп бекітілген. Алайда KUVA ғимаратты нарықтық бағадан әлдеқайда қымбат – 61,5 млрд теңгеге саудаға шығарды.