
12 сәуірде Талғар ауданындағы Гүлдала ауылы мейрамханаларының бірінде оншақты адам 20 жастағы жігітке жабылып, пышақтап кетті. Алматы облысы полиция департаменті кісі өлімі фактісін растады.
Бір топ адам жас жігітті қоршап алып, соққыға жыққан. Кейін жігітке пышақ салған. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Оқиға кезінде ондаған куәгер болған.
Қылмыстық іс қозғалды
Полиция адам өлтіру және бұзақылық фактісі бойынша екі қылмыстық іс қозғады. Жедел іздестіру нәтижесінде 20 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Сонымен қатар, бұзақылық фактісі бойынша тағы үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алайда, соттың шешімімен олардың екеуі үйқамақта отыр.
Ал кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты басқа бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Алматы облыстық Полиция департаментінің ерекше бақылауында тұр.
Еске сала кетейік, 9 сәуірде Талғар қаласында тағы төбелес болған. Желіге тараған видеоға сәйкес, бір топ адам бір-бірін балағаттап, жұдырық жұмсаған.