
Ауыр қылмыстар бойынша кінәлі деп танылып, Дубайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық Ернұр Алмаханды әзірге Қазақстанға қайтару мүмкін емес. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев айтты.
Оның айтуынша, алдымен бірінші сатыдағы сот үкіміне қарсы берілген апелляциялық соттың шешімін күту қажет.
«Барлық сот процесі аяқталуы керек. Сол рәсім толық аяқталғаннан кейін ғана оны қайтару мәселесі қаралады. Адвокаттар да, біздің Бас консулдық та бұл іспен белсенді айналысып жатыр», – деді вице-министр.
Журналистер Ернұрдың туыстары СІМ-ге көмек сұрап жүгінді ме деген сұрақ қойды. Бақаевтың айтуынша, министрлікке ресми өтініш түспеген, алайда Бас консулдық отбасы мүшелерімен байланыста.
«Біз міндетті түрде көмектесеміз, себебі мұндай жағдайларда өз азаматтарымызды қорғаймыз», – деп түйіндеді Әлібек Бақаев.
Еске салайық, 18 наурызда Дубайдың бірінші сатыдағы соты Ернұр Алмаханды бірқатар ауыр қылмыстар бойынша кінәлі деп танып өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім кескен еді. Қатаң үкімнен бөлек, ол 300 млн теңгеден асатын айыппұл төлеуге тиіс.