Жаңалықтар

Коммерциялық жобаларға қатысы бар мәслихат депутаттары дауыс бермеуі керек – Базарбек

Фото: mazhilis.parlam.kz

Бақытжан Базарбек мәслихат депутаттарының коммерциялық мүддесі бар жобалар бойынша дауыс беруіне шектеу енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, кейбір депутаттар кәсіпкерлікпен айналысып, бюджет есебінен қаржыландырылатын жобаларға дауыс беруге қатысады.

Мәслихаттарда мүдделер қақтығысын шектеу ұсынылды

Депутат мәслихаттарда мүдделер қақтығысы жиі кездесетініне тоқталып, оны заңмен реттеу қажет екенін айтты.

«Депутаттың тікелей немесе коммерциялық мүддесі бар жағдайда ол дауыс беруге қатыспауға тиіс», – деді ол.

Депутаттық сауалдарды кеңейту ұсынысы

Базарбек депутаттық сауалдарды тек жергілікті органдармен шектемей, қажет болған жағдайда республикалық деңгейге, орталық органдар мен Бас прокуратураға дейін жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Депутаттың бұл ұсынысына жауап берген Екатерина Смышляева мәслихат пен мәжіліс құзыреттері нақты бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті мәселелер мәслихат деңгейінде қаралады, ал республикалық деңгейдегі сұрақтар мәжіліске өтеді.

Смышляева егер мүдделер қақтығысына қатысты норма екінші оқылымға дейін енгізілсе, оны қолдауға дайын екенін айтты.

Айта кетейік, мәжіліс депутаттары «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заңда мәслихат депутаттарының жергілікті бюджетке өзгерістер енгізуді өздері ұсына алатыны айтылған. Сондай-ақ олар коммуналдық нысандарды басқару ісіне көбірек қатысады. Бұдан бөлек, депутаттық сауалдар ашық жарияланып, мәслихат жұмысы толықтай цифрлық форматқа көшіріледі.