
Мәслихат депутаттары енді жергілікті бюджетке өзгерістер енгізуді өздері ұсына алады. Сондай-ақ олар коммуналдық нысандарды басқару ісіне көбірек қатысады. Бұдан бөлек, депутаттық сауалдар ашық жарияланып, мәслихат жұмысы толықтай цифрлық форматқа көшіріледі. Бұл өзгерістер «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң жобасында көзделген.
Мәжіліс депутаттары аталған заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты жалпы отырыста Мәжіліс депутаты, Екатерина Смышляева таныстырды. Жалпы заң жобасы өңірлердің дербестігін арттыруға және мәслихаттардың өкілетін күшейтуге бағытталған.
Мәслихаттардың өкілеті кеңейеді
Жобаға сәйкес, депутаттарға бюджетке түзетулер енгізуді ұсыну құқығы беріледі және бюджет комиссияларының жұмысына қатысу мүмкіндігі кеңейтіледі. Сонымен қатар мәслихаттардың коммуналдық нысандарды басқаруға қатысуы ұлғаяды.
Депутаттық сауалдар енді ашық форматта жарияланатын болады.
Ашықтық пен цифрландыру күшейеді
Мәслихат жұмысының ашықтығын арттыру мақсатында сессияларды онлайн трансляциялау, құжаттарды жариялау және ресми хат алмасуды цифрлық форматқа көшіру көзделген.
Аппарат жұмысы мен басқару нақтыланады
Мәслихат аппараты басшысын тағайындау және қызметтен босату құзыреті мәслихат төрағасына беріледі. Аппарат басшысы кадрлық саясатты жүргізуге жауапты болады.
Қаржылық дербестік артады
Сонымен бірге өңірлердің қаржылық дербестігін күшейту үшін жергілікті бюджеттерге қосымша төлемдер мен айыппұл түрлерін беру ұсынылған. Бұл жергілікті биліктің шешім қабылдау еркіндігін арттырмақ.