Жаңалықтар

2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 159,6 трлн теңгені құрады

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 159,6 трлн теңгені құрады
Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 159,6 трлн теңгені құрады/ фото: shutterstock

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы нақты мәнде 6,5%-ға өсті, ал ЖІӨ-нің жалпы көлемі 159,5 триллион теңгеден асты. Бұл мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады.

Қазақстан экономикасы табыс бөлінісінің тұрақты құрылымын сақтап келеді. Мұнда негізгі үлес бизнес иелерінің пайдасына тиесілі, ал еңбекақы үлесі өзгеріссіз қалды.

Жалпы ішкі өнімнің 62,3%-ы немесе 99,5 триллион теңгесі – бизнес пен кәсіпорындардың тапқан пайдасы. Яғни, Қазақстан экономикасы тапқан ақшаның негізгі бөлігі компания иелері мен кәсіпкерлердің таза табысынан құралып отыр.

Төленген еңбекақы 48,8 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 30,6%-ын құрады. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары 30-31% шамасында тұрақты сақталып келеді, бұл экономика құрылымындағы жалақы үлесінің тұрақтылығын көрсетеді.

Өндіріс пен импортқа салынатын таза салық 11,3 трлн теңгені (7,1%) құрады. Салық компонентінде айтарлықтай құрылымдық өзгерістер байқалмайды.

Соңғы төрт жылдың көрсеткішіне қарасақ, халықтың алатын еңбек табысы бір деңгейде қалып қойған. Ал дәл осы уақытта компаниялар мен бизнес иелерінің көретін пайдасы керісінше біртіндеп артып келеді.

Нақтырақ айтсақ, 2021 жылы елдегі жалпы ақшаның 61,5%-ы бизнестің пайдасы болса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 62,3%-ға дейін өскен.

Айта кетейік, 2026 жылдың үш айында негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция көлемі 3,5 трлн теңгені құрап, 6,4%-ға артқан.