
Күдікті 2021 жылы Алматы қаласындағы тасымалдау компаниясының бас есепшісі болып жүрген кезінде басшысынан 230 мың долларды банктегі сейф ұяшығында сақтаймын деп иемденіп алған.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті бой тасалап үлгерген, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2024 жылдың маусым айында ол Грекия аумағында ұсталып, ҚР Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазақстан мен Грекия арасында тікелей әуе қатынасы болмағандықтан, іздеудегі адамды Сербия аумағы арқылы транзитпен тасымалдауға Қазақстанның Сербиядағы Елшілігі жәрдемдесті.
Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.
«Оған тағылған қылмыс үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, ол 10 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Бұған дейін, 1 млн доллар жымқырған күдікті 10 жылдан астам іздеуде жүріп, Германиядан экстрадицияланғаын жазған едік.