Жаңалықтар

Әлем чемпионаты – 2026: қосымша билеттер сатылымға шықты

Әлем чемпионаты
Фото: FIFA

2026 жылы АҚШ, Мексика және Канадада өтетін футболдан Әлем чемпионатының басталуына 50 күн қалғанда, ФИФА билеттерді сатудың соңғы кезеңін іске қосты. Бұл туралы Reuters хабарлады. Енді жанкүйерлер турнирдің барлық 104 матчына билет ала алады.

«Кім бірінші келсе – сол алады»

Бұл кезеңде билеттер кезекке тұру немесе лотерея принципімен емес, «бірінші келгенге – бірінші билет» қағидасы бойынша сатылып жатыр. Қазіргі таңда ФИФА жоспарлаған 6 миллион билеттің 5 миллионнан астамы иесін тауып қойған. Сатылымға 1-3 санаттағы орындар мен алаң жиегіне жақын орналасқан арнайы орындар шығарылды.

Баға саясаты

Биылғы біріншілікте ФИФА-ның баға саясаты айтарлықтай сынға ұшырады.

АҚШ билігі бағаның сұранысқа қарай өзгеруі билеттерді қарапайым жанкүйерлер үшін қолжетімсіз ететінін айтып, алаңдаушылық білдірді. Алайда ФИФА бағаны автоматты түрде емес, сұраныс пен орындардың қолжетімділігіне қарай қолмен реттейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін финалдық ойынның ең қымбат билеттері 10 990 долларға жетіп, тарихи рекорд орнатқан еді.

Еске сала кетейік, Әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада, Мексика елдерінде өтеді.