
Денсаулық сақтау министрлігі биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) таңбалау және қадағалау қағидаларын бекіту туралы бұйрық жобасын жария талқылауға шығарды. Құжат «Ашық НҚА» порталында 13 мамырға дейін орналастырылды.
Жоба ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 7-2-бабы 2-тармақшасына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2024 жылғы 24 қыркүйектегі №99 «БАД өнімдерін сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды енгізу туралы» шешіміне сәйкес әзірленген.
Міндетті таңбалау неліктен енгізілмек?
Енгізілетін жаңа қағидалар елдегі тауарларды таңбалау жүйесінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау және қадағалау тәртібін айқындайды.
Міндетті таңбалауды енгізу өнімнің заңсыз айналымы көлемін азайтуға, салықтардың жиналуын арттыруға және нарықта тең бәсекелестік жағдайларын жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жеткізу тізбегінің ашықтығы мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдерге де оң әсерін тигізуі тиіс.
Бұған дейін, Денсаулық сақтау министрлігі биологиялық белсенді қоспалар, балаларға арналған тағамдар мен киімдер және косметикалық заттарды жарнамалау қағидаларын бекітті.